Басты бетҚР ПІБ Инженерлік-техникалық орталығы суперкомпьютерге қол жеткізеді

ҚР ПІБ Инженерлік-техникалық орталығы суперкомпьютерге қол жеткізеді

ҚР ПІБ Инженерлік-техникалық орталығы суперкомпьютерге қол жеткізеді

Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Инженерлік-техникалық орталығы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен жаңа суперкомпьютердің есептеуіш ресурстарына қол жеткізуді ұсыну туралы меморандумға қол қойды.

Аталған келісім аясында ИТО, сондай-ақ Президент Іс басқармасына қарасты басқа да ұйымдар NVIDIA H200 жеделдеткіштеріне негізделген 48 графикалық процессорға (GPU) қол жеткізеді. Бұл ресурстар жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы жобаларды іске қосу мен кеңейтуге мүмкіндік береді.

Пилоттық ЖИ-жобалар құрылыс, денсаулық сақтау, көлік, ішкі құжат айналымы және талдауды қамтитын түрлі салаларды қамтиды. Суперкомпьютердің қуаты ЖИ-модельдерді оқытуға және енгізуге жол ашып, процестерді автоматтандыруға, аналитикалық мүмкіндіктерді күшейтуге және негізгі қызмет бағыттарына цифрлық шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді.

Жоспарланған бастамалардың қатарында дәрігерлерге арналған цифрлық ассистенттер, көлікті интеллектуалды бақылау, HR-функцияларды автоматтандыру және заң шығару қызметін қолдауда ЖИ қолдану бар.

Бүгінде ПІБ цифрлық трансформация аясында бірқатар ЖИ-бастамаларды: орман және дала өрттерін ерте анықтау жүйесіндегі технологияларды бақылау, ЖИ көмегімен медиаконтент пен сурдоаударманы генерациялау, сондай-ақ «Ахуалдық-талдамалық кешені» жүйесінде аналитикалық ЖИ ұсынымдарын қалыптастыруды жүзеге асырып отыр.

ПІБ-ке қарасты ұйымдарда ЖИ технологияларын енгізу Қазақстан Республикасының 2024–2029 жылдарға арналған жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылуда. Бұл бастама мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға, ашықтықты күшейтуге және қауіпсіз цифрлық шешімдерді қолдануға басымдық бере отырып, отандық ЖИ-компетенцияларды дамытуға бағытталған.

Ағымдағы жылдың мамыр айында Қазақстанға Орталық Азиядағы ең қуатты, өнімділігі шамамен 2 мың экзафлопс суперкомпьютер жеткізілгенін еске салайық. Бұл құрылғыны іске қосу елдің негізгі салаларын цифрландыру жолындағы маңызды қадам болмақ.