
Президент Іс басқармасының Инженерлік-техникалық орталығы QAZ.AI.Association бірлесіп, ПІБ және оған ведомстволық қарасты ұйымдардың қызметкерлері үшін Zoom платформасында жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мен оны пайдалану ережелеріне арналған онлайн-семинар ұйымдастырды.
Дәрісті Awara IT - негізгі бизнес-процестерді цифрлық автоматтандыру және инновациялау саласында маманданған, клиенттері Еуропа мен ТМД елдерінен бастап, Солтүстік Америка мен Австралияға дейінгі аумақта орналасқан жаһандық консалтингтік IT-компаниясы өткізді.
Семинар барысында тыңдаушылар жасанды интеллекттің заманауи даму бағыттары мен оны мемлекеттік секторда қолдану мысалдары туралы өзекті ақпарат алды. Ерекше назар деректер қауіпсіздігі мен ЖИ-технологияларды жұмыс процестеріне дұрыс енгізу мәселелеріне аударылды.
Негізгі бөлімнен кейін қатысушылар спикерге тәжірибелік сұрақтар қойып, өз қызметінде ЖИ енгізу мүмкіндіктерін талқылады.
Ағымдағы жылдың мамыр айында ИТО Қазақстандағы жасанды интеллектті дамыту қауымдастығы Qaz.AI-ға мүше болғанын еске салайық. Бұл шеңберде кәсіби іс-шараларға қатысуға, тәжірибе алмасуға және заманауи білім беру бағдарламаларына қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Жасанды интеллект бойынша оқыту семинарларын өткізу - ведомстволық қарасты ұйымдардың қызметіне цифрлық трансформация мен инновацияларды енгізу стратегиясының бір бөлігі болып табылады.