
Президент Іс басқармасы жүйесінде жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі идеялар талқылауы
Тәуелсіздік сарайында Президент Іс басқармасы жүйесінде жасанды интеллект технологияларын қолдану және оларды енгізудің келешегі тақырыбына арналған брейншторминг өтті.
Іс-шараның ұйымдастырушысы – Президент Іс басқармасының Инженерлік-техникалық орталығы. Шараға құрылымдық бөлімшелердің басшылары, негізгі қызмет бағыттары бойынша мамандар және ведомстволық қарасты ұйымдардың IT-бөлімшелерінің өкілдері қатысты.
Кездесудің модераторы ретінде ИТО директоры Даурен Нуралиев сөз сөйледі. Сараптамалық қолдау үшін Назарбаев Университетінен және жетекші IT-компаниялардан трекерлер шақырылды. Олардың қатарында машиналық оқыту, AI-платформаларын әзірлеу және мемлекеттік пен корпоративтік секторға арналған ауқымды цифрлық шешімдер саласындағы зерттеушілер мен практиктер болды.
Қатысушылар жасанды интеллектті Президент Іс басқармасы жүйесінің негізгі қызмет бағыттарына енгізудің практикалық сценарийлерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша жасанды интеллектіні Президент Іс басқармасы жүйесіне енгізудің ұзақ мерзімді жоспарын қалыптастыруға негіз болатын бастамалар айқындалды.