Басты бетҚазақстанда жасанды интеллект туралы заң қабылданды

Қазақстанда жасанды интеллект туралы заң қабылданды

Қазақстанда жасанды интеллект туралы заң қабылданды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі алғашқы «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойды. Құжат жасанды интеллектіні қауіпсіз енгізу және азаматтардың құқықтарын қорғау үшін заманауи құқықтық негіз қалыптастыруды мақсат етеді.

            Заң алғаш рет жасанды интеллектінің «адамға белгілі бір міндеттерді орындауға көмектесетін құрал» ретіндегі мәртебесін айқындайды. Осыған сәйкес жауапкершілік пен бақылау қағидаты бекітіледі, оған сәйкес жасанды интеллект жүйелерінің меншік иелері, иеленушілері және пайдаланушылары жүйені пайдалану процесіндегі өз рөлдеріне қарай жауап береді. Жүйелердің меншік иелері мен иеленушілеріне тәуекелдерді басқару, қауіпсіздік пен сенімділікті қамтамасыз ету, сондай-ақ пайдаланушыларды жасанды интеллект жүйелерінің жұмыс істеу мәселелері бойынша қолдау міндеті жүктеледі.

            Заңда ЖИ қатысуымен қабылданатын шешімдердің ашықтығына ерекше назар аударылған. Әрбір азамат шешімнің алгоритм арқылы жасалғанын білуге, сондай-ақ оның түсіндірмесін сұрауға құқылы. Адамға зиян келтіруі, жасырын деректер жинауы немесе сананы манипуляциялауы мүмкін технологияларға тікелей тыйым салынады.

            Сондай-ақ, заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының құрамына енген Президент Іс басқармасы мен ҚР ПІБ Инженерлік-техникалық орталығының ұсынысы бойынша құжатқа «жасанды интеллект жүйелерінің аудиті» туралы норма енгізілді. 20-бапқа сәйкес, ЖИ жүйелерінің аудиті модельдерді оқытуда қолданылатын деректер кітапханаларының сапасы мен заңдылығын бағалауды, сондай-ақ заңнамаға қайшы келетін функционалдық мүмкіндіктердің жоқтығын тексеруді қамтуы тиіс.

            Сонымен бірге, заң ұлттық жасанды интеллект платформасын құруды көздейді - бұл отандық модельдерді әзірлеу және тестілеу, деректерді қауіпсіз сақтау және зерттеушілерге, бизнеске және мемлекеттік органдарға есептеу ресурстарын ұсыну үшін арналған бірыңғай цифрлық орта. Аталған инфрақұрылым елдің технологиялық тәуелсіздігін нығайтып, инновациялық дамуды жеделдетудің негізіне айналмақ.

            Заңның қабылдануы Қазақстанның жасанды интеллект технологияларын жауапты, қауіпсіз және адамға бағдарланған тәсілмен пайдалануға бағытталған нық қадамы болып табылады.