Басты бетҚазақстан Орталық Азия елдері арасында жасанды интеллектті енгізуге дайындық деңгейі бойынша көш...

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жасанды интеллектті енгізуге дайындық деңгейі бойынша көш бастап тұр

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жасанды интеллектті енгізуге дайындық деңгейі бойынша көш бастап тұр

Қазақстан халықаралық Oxford Insights талдау орталығы жариялаған Government AI Readiness Index 2025 рейтингінде 195 елдің ішінде 60-орынға ие болып, өткен жылмен салыстырғанда бірден 16 сатыға жоғарылады (бұған дейін — 76-орын).

Өңірлік деңгейде Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жасанды интеллектті енгізу мен басқаруға дайындық бойынша көшбасшы атанды. Бұл елдің аймақтағы ең дамыған цифрлық мемлекеттердің бірі екенін айқындайды.

Аталған рейтинг үкіметтердің жасанды интеллектті мемлекеттік басқаруда, экономикада және қоғамдық үдерістерде тиімді қолдану қабілетін, сондай-ақ ИИ-дің қауіпсіз, жауапты және тұрақты дамуына жағдай жасау деңгейін бағалайды. Зерттеуге 195 ел қамтылған.

Қазақстан Public Sector Adoption бағыты бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, 73,59 балл жинады. Бұл мемлекеттік қызметтерде цифрлық және ИИ-шешімдердің кеңінен қолданылып жатқанын, электрондық үкіметтің дамуын және азаматтар мен бизнеске арналған проактивті сервистерге көшуді көрсетеді.

Елдің маңызды артықшылықтарының бірі — дамыған цифрлық және телекоммуникациялық инфрақұрылым. Ұлттық цифрлық платформалар мен электрондық мемлекеттік қызметтердің жетілген экожүйесі жасанды интеллект шешімдерін ұлттық деңгейде ауқымды енгізуге берік негіз қалыптастырады.

Oxford Insights есебінде Қазақстанның саяси және институционалдық дайындығы да атап өтілген. Стратегиялық құжаттардың болуы, нормативтік-құқықтық базаның қалыптасуы және мемлекет тарапынан ИИ тақырыбына жүйелі көңіл бөлінуі ұзақ мерзімді саясат жүргізуге мүмкіндік береді.

2025 жылғы рейтинг жаңартылған әдістеме негізінде жасалып, мемлекеттің рөлін стратегиялық жоспарлау мен реттеуден бастап, ИИ-ді практикалық түрде енгізуге дейін кеңінен қамтиды. Бұл Қазақстанның қол жеткізген нәтижелерінің маңызын арттыра түседі.

Қазақстанның ИИ-экожүйесін дамытудың келесі кезеңі жеке технологиялық секторды, стартаптарды дамытуға, ИИ-шешімдерді коммерцияландыруға, сондай-ақ бизнестің деректер мен қаржыландыру құралдарына қолжетімділігін кеңейтуге бағытталады.