Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасына қарасты ұйымдардың өкілдері Қытай Халық Республикасының Қарамай қаласында өткен «Қытай – ШЫҰ» цифрлық технологияларды дамыту және ынтымақтастық форумына қатысты.
Қазақстандық делегацияның қатысуын Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Инженерлік-техникалық орталығы Қазақстанның жасанды интеллектті дамыту қауымдастығы Qaz.AI-мен ынтымақтастық аясында ұйымдастырды. Сапар ИТО-ның халықаралық озық тәжірибені зерделеу және цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді дамыту бойынша жүргізіп жатқан жүйелі жұмысының бір бөлігі болды.
Биыл форумның негізгі тақырыбы цифрлық технологияларды қолдану аясын кеңейту және трансшекаралық цифрлық ынтымақтастықтың жаңа экожүйесін қалыптастыру мәселелеріне арналды. Халықаралық алаң Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің мемлекеттік органдарының, бизнес, ғылыми қауымдастық және IT-индустрия өкілдерінің басын қосып, цифрлық трансформацияның келешегі, жасанды интеллектті дамыту және экономиканың түрлі салаларына инновациялық шешімдерді енгізу мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.
Іс-шараға Президент Іс басқармасының Инженерлік-техникалық орталығының, «Бүркіт» мемлекеттік әуе компаниясының, Мемлекеттік резиденциялар дирекциясының, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының Инженерлік орталығының, Президент Әкімшілігі мен Үкімет Аппараты әкімшілік ғимараттары дирекциясының Алматы филиалының, сондай-ақ Президент Іс басқармасы Медициналық орталығы ұйымдарының қызметкерлері қатысты.
Қатысушылардың әртүрлі салаларды қамтуы цифрлық трансформация үдерісіне кеңірек көзқараспен қарап, жасанды интеллект пен заманауи технологияларды Президент Іс басқармасы қызметінің түрлі бағыттарында қолдану мүмкіндіктерін кешенді бағалауға мүмкіндік берді.
Іскерлік бағдарлама аясында қатысушылар жасанды интеллектіні қолданудың практикалық кейстерімен, цифрлық инфрақұрылым мен деректер орталықтарын дамыту тәжірибесімен, сондай-ақ ШЫҰ елдерінің мемлекеттік қызметтер мен қалалық ортаны цифрлық трансформациялау бағытындағы тәсілдерімен танысты. Smart City тұжырымдамаларына, зияткерлік көлік жүйелеріне және халыққа арналған цифрлық сервистерге ерекше назар аударылды.
Қатысушылардың айтуынша, форум әлемде қолданыстағы цифрлық шешімдермен танысуға, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға және жаңа кәсіби байланыстар орнатуға жақсы мүмкіндік берді.
«Қытай – ШЫҰ» цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту форумы төртінші рет өткізіліп отыр және өңір елдері арасында цифрлық шешімдер саласындағы тәжірибе алмасуға арналған негізгі алаңдардың бірі саналатыны айта кетейік.