Президент Іс басқармасы жүйесінде жасанды интеллект технологиялары белсенді түрде енгізілуде. ҚР ПІБ Инженерлік-техникалық орталығы (ИТО) ҚР ЖИЦДМ суперкомпьютерінің есептеу қуатын пайдалана отырып, бірқатар жасанды интеллект шешімдерін іске асырды.
Ағымдағы жылы ПІБ Инженерлік-техникалық орталық «Ахуалдық-талдамалық кешенге» 12 мамандандырылған ЖИ-агентті енгізді. Интеллектуалды көмекшілер көрсеткіштерді талдап қана қоймай, аналитикалық қорытындылар қалыптастыруға, тәуекелдерді анықтауға және тиісті ұсынымдар беруге мүмкіндік береді.
ЖИ-агенттер ПІБ ұйымдарының негізгі қызмет бағыттарын қамтиды. Олардың қатарында кадрлық процестер, медициналық ұйымдардың көрсеткіштері, мемлекеттік сатып алу, авиациялық және автомобиль көлігінің жұмысы, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, Президент телерадиокешенінің, Президент орталығының, Щучинск-Бурабай курорттық аймағының, Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының және басқа да ұйымдардың қызметі бар.
Сонымен қатар, әрбір ЖИ-агенттің өзіне тән мамандануы бар. Мәселен, «Адами ресурстар» агенті штаттың жасақталу деңгейін, кадрлардың тұрақтамауын, оқыту тиімділігін, кадр резервінің дамуын және басқа да көрсеткіштерді бақылауға көмектесіп, ықтимал тәуекелдер мен ауытқуларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта Инженерлік-техникалық орталық аудит, бухгалтерлік есеп, құқықтық сүйемелдеу, қауіпсіздік, жөндеу және техникалық қызмет көрсету, мемлекеттік сатып алу және ақылы қызметтер бағыттары бойынша тағы онға жуық ЖИ-агентті енгізуді жоспарлап отыр.
Айта кету керек, жасанды интеллект мамандарды алмастырмайды, керісінше олардың тиімді көмекшісіне айналады. Ол күнделікті қайталанатын жұмыстарды өз мойнына алып, қызметкерлердің кәсіби тәжірибе, сараптамалық бағалау және басқарушылық шешім қабылдауды талап ететін міндеттерге көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.
Президент Іс басқармасы жүйесінде жасанды интеллект шешімдерін енгізу Қазақстан Президенті жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылуда.