Президент Іс басқармасы мен оған қарасты ұйымдардың қызметкерлері Қытай Халық Республикасының Нанкин қаласында өткен цифрлық технологиялар саласындағы кадрларды даярлауға арналған «ШЫҰ ағашы – 2026» күзгі бағдарламасына қатысты.
Биылғы бағдарлама «Цифрлық қозғалтқыш – Зияткерлік Жібек жолы» тақырыбына және трансшекаралық ынтымақтастық пен зияткерлік өндіріс мәселелеріне арналды.
Қатысушылар Қытайдың цифрлық трансформация саласындағы тәжірибесімен, оның ішінде жасанды интеллект, Big Data, бұлтты технологиялар және блокчейнді қолдану бағыттарымен танысты. Зияткерлік өндіріс, цифрлық инфрақұрылым, сондай-ақ цифрлық басқарудың заманауи құралдары саласындағы жетістіктерге ерекше назар аударылды. Қазақстандық делегация Нанкин қаласындағы жетекші кәсіпорындар мен инновациялық алаңдарға да барды.
Сапарлар барысында қатысушылар қытайлық тараптың жоғары технологиялық өндірісті ұйымдастыру, цифрлық шешімдер мен кәсіпорындардағы автоматтандырылған жүйелерді қолдану тәжірибесімен танысты.
ПІБ ұйымдары өкілдерінің Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы іс-шараларға қатысуы қытайлық әріптестермен кәсіби тәжірибе алмасудың жалғасы болды. Өткен жылы «ШЫҰ ағашы» бастамасы аясында Инженерлік-техникалық орталықтың қызметкерлері оқудан өтсе, биыл ПІБ ұйымдарының өкілдері Карамай қаласында өткен халықаралық форумға қатысты.
«ШЫҰ ағашы» бағдарламасын Қытай – ШЫҰ үлкен деректер саласындағы ынтымақтастық орталығының Шыңжаң қосалқы орталығы жүзеге асырады. Бағдарлама кадрлық әлеуетті дамытуға және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің цифрлық технологиялар саласындағы көпжақты ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған.