Басты бет › ИТО Ұлттық жобаларды басқару платформасын People&Projects Forum 2026 форумында таныстырды

ИТО Ұлттық жобаларды басқару платформасын People&Projects Forum 2026 форумында таныстырды

ИТО Ұлттық жобаларды басқару платформасын People&Projects Forum 2026 форумында таныстырды ИТО Ұлттық жобаларды басқару платформасын People&Projects Forum 2026 форумында таныстырды ИТО Ұлттық жобаларды басқару платформасын People&Projects Forum 2026 форумында таныстырды

9–10 қазан күндері Астанада AI Month аясында People&Projects: Biomimetic & Management Forum форумы өтуде. Форум күрделі жүйелерді, командалар мен өзгерістерді басқарудың заманауи тәсілдерін талқылау үшін басшыларды, жоба менеджерлері мен сарапшыларды біріктірді.

Форумның негізгі тақырыбы – тірі жүйелердің қағидаттарын зерттеу және оларды заманауи басқару тәжірибесінде қолдану.

Қазақстанның мемлекеттік секторындағы жобаларды басқаруды цифрландыру тәжірибесін Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Инженерлік-техникалық орталығы таныстырды.

ҚР ПІБ Инженерлік-техникалық орталығының Ұлттық жобаларды мониторингтеу басқармасының басшысы Аблайхан Қадыров ұлттық, ведомстволық, өңірлік және квазимемлекеттік жобаларды мониторингтеудің бірыңғай тәсілін қамтамасыз ететін Ұлттық жобаларды басқару платформасының мүмкіндіктері туралы баяндады.

Ол өз сөзінде жүйенің бүгінгі таңда кең ауқымды мүмкіндіктерге ие екенін атап өтті. Платформа тапсырмалар мен іс-шаралардың орындалуын қадағалауға, мерзімдерді, бюджеттер мен тәуекелдерді бақылауға, сондай-ақ басқарушылық шешімдерді уақтылы қабылдау үшін негізгі көрсеткіштерді талдауға мүмкіндік береді.

«Біз қолмен бақылаудан деректер мен нәтижелерге негізделген басқару жүйесіне көшіп келеміз. Жобалық қызметтің барлық қатысушылары үшін бірыңғай деректер кеңістігі қалыптасады», – деді Аблайхан Қадыров.

Платформада жасанды интеллект құралдары да енгізілген. Alem.Cloud қазақстандық бұлтты инфрақұрылымында орналасқан AlemGPT моделінің негізінде жұмыс істейтін CoPilot кіріктірілген көмекшісі тапсырмалардың сипаттамалары мен чек-парақтарын автоматты түрде құрастыруға, ұзақ хат алмасуларды талдап, негізгі шешімдерді, тәуекелдер мен қорытынды мәртебелерді анықтауға, сондай-ақ мәтіндердің орфографиясы мен стилін тексеруге көмектеседі.

Жасанды интеллектті пайдалану рөлдерге негізделген қолжетімділік моделі арқылы реттеледі. Ал токендерді есепке алу журналы пайдаланушылардың ресурстарды тұтынуын бақылауға мүмкіндік береді.

Қадыровтың айтуынша, платформаның тағы бір маңызды артықшылығы – мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялық сервистердің болуы. Олар деректер алмасуды автоматтандырып, ақпаратты қолмен көшіру қажеттілігін жояды. Қазіргі уақытта үш интеграциялық сервис өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген.

«Qportal жүйесі жобалау-сметалық құжаттаманы кешенді ведомстводан тыс сараптамаға жолдауға және оның қорытындыларын алуға мүмкіндік береді. Электрондық мемлекеттік сатып алу жүйесі сатып алу нәтижелері, шарттар мен өнім берушілер туралы деректерді ұсынады. МЭКС жүйесінде жобалар, бюджеттер мен шарттар туралы ақпарат қамтылған. Тағы бір жүйе – ГИП – өндірістік ортаға енгізілуде, ал екі жүйе Smart Bridge платформасында сервистің іске қосылуын күтуде. Ең бастысы – деректерді қолмен көшірудің қажеті жоқ: пайдаланушы нөмірді енгізеді, ал жүйе қажетті ақпаратты өзі алады», – деп бөлісті спикер.

Алдағы уақытта қаржы және құрылыс жүйелерімен интеграциялық өзара іс-қимылды кеңейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар интеллектуалды көмекшінің мүмкіндіктерін дамыту, оның платформаның ішкі білім базасымен және тікелей платформада сақталған деректермен жұмыс істеу функционалын кеңейту көзделген.