Басты бетБірыңғай деректер қоры: қалай цифрлық шешім ПІБ экожүйесінің жұмысын жеңілдетті

Бірыңғай деректер қоры: қалай цифрлық шешім ПІБ экожүйесінің жұмысын жеңілдетті

Бірыңғай деректер қоры: қалай цифрлық шешім  ПІБ экожүйесінің жұмысын жеңілдетті

2020 жылы Президент Істері басқармасының Инженерлік-техникалық орталығы Бірыңғай деректер қорын (БДҚ) әзірледі. Бұл жоба ведомстволық қарасты ұйымдардың цифрлық трансформациясының негізіне айналып, басқарушылық және өндірістік процестерді кешенді автоматтандыруға берік іргетас қалады.

Бүгінде БДҚ Президент Істері басқармасын және оның 24 ведомстволық қарасты ұйымын біріктіреді, ал жүйені пайдаланушылар саны 800 адамнан асады. Іс жүзінде бұл цифрлық шешім сатып алулар мен бухгалтерлік есептен бастап, жылжымайтын мүлікті басқару, санаторийлердің қызметі, еңбекті қорғау және тіпті авиациялық флотты басқаруға дейінгі барлық бағыттарды қамтитын өтпелі басқару құралына айналды.

«Бірыңғай терезе» қағидаты

Бірыңғай деректер қорын құру бірқатар маңызды міндеттерді шешуге бағытталды. Ең алдымен, бұрын бөлек-бөлек, автономды жұмыс істеген ақпараттық жүйелерді сүйемелдеуге кететін шығындарды оңтайландыру көзделді. БДҚ оларды біртұтас ақпараттық кеңістікке біріктіріп, процестерді ашық әрі басқаруға ыңғайлы етті.

«Бірыңғай терезе» қағидатының арқасында қажеттілікке өтінім беруден бастап, тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді төлеу және есептен шығаруға дейінгі барлық кезеңдер бір жүйе аясында жүзеге асырылады. Бұл бюрократиялық рәсімдерді қысқартып, қызметкерлерге түсетін жүктемені азайтты.

Тағы бір маңызды тиімділік – қағаз құжат айналымының едәуір қысқаруы. Қағаз процестердің орнын цифрлық формат басты: құжаттар, өтінімдер мен есептер автоматты түрде қалыптастырылады, ал деректер нақты уақыт режимінде Президент Істері басқармасының орталық аппаратының базасына жинақталады. Бұл жағдайды жедел бақылап, өзекті ақпарат негізінде басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Қызметтің барлық бағыттарына арналған функционалды экожүйе

Қазіргі таңда БДҚ – жай ғана деректер базасы емес, ауқымды цифрлық экожүйе. Ол әмбебап әрі тар мамандандырылған ондаған модульді қамтиды. Президент Істері басқармасының ведомстволық ұйымдарында бухгалтерлік және қоймалық есеп, мемлекеттік сатып алулар, бюджеттеу, тәуекелдерді басқару, автокөлік, ақылы қызметтер және өзге де бағыттар бойынша модульдер қолданылады.

Сонымен қатар нақты міндеттерге арналған шешімдер де дамып келеді: санаторий-курорттық қызмет пен тамақтануды басқару, орман шаруашылығы, дәрі-дәрмек өндіру және дәріханалар қызметі, ұшу тапсырмаларын қалыптастыру, жер учаскелерін есепке алу, полиграфия, жабдықтар мен техниканы басқару, құрылыс және басқа да салалар.

Мұндай функционалдық ауқым БДҚ-ның әр ұйымның ерекшелігіне бейімделетін, сонымен бірге есеп пен басқарудың бірыңғай стандарттарын сақтайтын әмбебап құралға айналдырады.

Сандар масштаб үшін жұмыс істей бастағанда

2024 жылдың басында жүйені 18 ұйым пайдаланса, қазіргі уақытта олардың саны 24-ке жетті. Бұл кеңею Президент Істері басқармасының Инженерлік-техникалық орталығы тарапынан көрсетілетін орталықтандырылған сүйемелдеудің арқасында мүмкін болды.

Бірыңғай деректер қорының маңыздылығы оның әлемдік деңгейде үздік цифрлық бастамалардың бірі ретінде танылған «Ахуалық-талдамалық кешен» (АТК) ақпараттық-талдамалық жүйесімен интеграциялануымен де дәлелденеді. Қазіргі таңда АТК деректерінің шамамен 70%-ы дәл осы БДҚ негізінде қалыптасады, бұл оны басқарушылық ақпараттың негізгі көзіне айналдырады.

Сонымен қатар, БДҚ сыртқы жүйелермен интеграцияны қолдап, икемділік пен болашақта ауқымын кеңейту мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Басқарушылық шешімдерге арналған цифрлық тірек

Бірнеше жыл ішінде Бірыңғай деректер қоры ПІБ цифрлық экожүйесіндегі негізгі элементтердің біріне айналды. Ол ашықтықты қамтамасыз етіп, процестерді жеделдетеді, шығындарды азайтады және басқарушылық шешімдер қабылдауға арналған бірыңғай ақпараттық кеңістік қалыптастырады.

Мемлекеттік басқарудың тиімділігіне қойылатын талаптар артып отырған жағдайда, БДҚ автоматтандыру құралы ғана емес, сонымен қатар сервистер мен талдамалық жүйелерді одан әрі дамытуға арналған сенімді цифрлық тірек болып отыр.