Қарқынды цифрландыру және IT-кадрлардың жаһандық тапшылығы жағдайында мамандарды даярлау мәселесі ерекше маңызға ие болуда. Осы тұрғыда студенттердің оқу барысында-ақ саланың нақты талаптарын түсінуіне мүмкіндік беретін практикалық дайындықтың рөлі айрықша. Мемлекеттік секторда IT-кадрларды даярлау туралы Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Инженерлік-техникалық орталығының адами ресурстарды дамыту бөлімінің HR-менеджері Диана Үкіметова айтып берді.
Бүгінде IT-мамандар тапшылығы жиі айтылып жүр. Бұл мәселе қаншалықты өзекті?
– Бұл мәселе шынымен де өзекті. Жеке секторда да, мемлекеттік секторда да білікті мамандар тапшылығы сезіледі. Мемлекеттік құрылымдарда бұл жағдай одан да өткір, себебі мұнда маңызды инфрақұрылымның тұрақтылығын қамтамасыз ету, киберқауіпсіздік және цифрлық сервистердің үздіксіз жұмыс істеуі туралы сөз болып отыр. Жас мамандар үшін негізгі қиындық – теориялық білім мен саланың нақты талаптары арасындағы алшақтық. Сондықтан ерте кезеңде практикалық тәжірибе алу өте маңызды – ол нақты IT-ортада қалай жұмыс істеу керектігін түсінуге көмектеседі.
ИТО мысалында болашақ IT-мамандарды даярлау қалай жүзеге асырылады?
– Инженерлік-техникалық орталық жас мамандар мен студенттерді қолдауға ерекше көңіл бөледі және бұл бағытты кадрлық әлеуетке салынатын ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастырады. Біз үшін студентті тек оқыту емес, оған мемлекеттік сектордағы цифрландырудың қалай жүзеге асатынын түсіндіру маңызды.
Бүгінде еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орындарымен жүйелі түрде ынтымақтастық орнатылған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетімен, Ғ. Дәукеев атындағы АЭжБУ, Nazarabayev University, Astana IT University және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетімен меморандумдар жасалған.
Бұл жоғары оқу орындарының студенттері Президент Іс басқармасы жүйесінде жұмыс істеп, мемлекеттік құрылымдар мен цифрлық процестердің қалай жұмыс істейтінін ішінен көруге бірегей мүмкіндік алады. Мұндай тәжірибені аудиторияда алу мүмкін емес.
Студенттер қандай мүмкіндіктерге ие болады?
– IT-мамандықтарының 3–4 курс студенттері бағдарламалық әзірлеу, жүйелік әкімшілендіру, киберқауіпсіздік, деректерді талдау және жобаларды басқару бағыттары бойынша өндірістік және дипломалды практикадан өте алады.
ИТО-дағы практика – команданың бір бөлігі болып, өз еңбегінің нәтижесін көруге және өзіңнің мықты тұстарыңды түсінуге мүмкіндік беретін нақты тәжірибе. Соңғы жылдары ондаған студент дипломалды практикадан өтті. Көпшілігі үшін бұл мемлекеттік құрылымдардағы кәсіби мансаптың алғашқы қадамы болды.
Студент ИТО-ға практикаға қалай түсе алады және бұл процесс неден басталады?
– Практикаға өтінімді студенттер өз университеттері арқылы немесе Students book цифрлық платформасы арқылы (https://studbook.umto.kz/all-organizations) бере алады. Жүйе ашық әрі толықтай онлайн форматта жүзеге асырылады, бұл студенттер үшін өте ыңғайлы. Ең бастысы – бастама көтеріп, білім алуға деген ынта.
Техникалық білімнен бөлек, жас IT-маман қандай қасиеттер мен дағдыларға ие болуы керек?
– Бүгінде кәсіби біліммен қатар жеке қасиеттер де жоғары бағаланады. Ойлау икемділігі, жауапкершілік және өзгерістерге тез бейімделу қабілеті – жақсы маманды айқындайтын негізгі факторлар. Технологиялар өте жылдам өзгеруде, сондықтан үнемі үйреніп, бейімделе алатын маман әрқашан сұранысқа ие болады.