Басты бетҚазақстандағы мемлекеттік ұйымдардағы кадрлық процестер цифрлық форматқа көшіріледі

Қазақстандағы мемлекеттік ұйымдардағы кадрлық процестер цифрлық форматқа көшіріледі

Қазақстандағы мемлекеттік ұйымдардағы кадрлық процестер цифрлық форматқа көшіріледі

Қазақстандағы мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі кадрлық процестер цифрлық форматқа көшіріледі. Тиісті Қағидалар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 2026 жылғы 18 тамыздағы №147 бұйрығымен бекітілді.

Құжат цифрлық кадрлық жүйеде кадрлық құжаттарды ресімдеу, есепке алу, сақтау және өңдеу тәртібін айқындайды.

Цифрландыру жұмысқа қабылдау, еңбек қызметін ресімдеу, қызметкерлерді ауыстыру, көтермелеу, тәртіптік жауапкершілікке тарту және еңбек қатынастарын тоқтату сияқты негізгі кадрлық рәсімдерді қамтиды.

Жүйенің негізгі функцияларының бірі - кадрлық рәсімдердің мерзімдерін автоматты түрде бақылау. Жауапты қызметкерлерге бақылау мерзімдерінің басталғаны туралы хабарламалар жіберіледі. Сонымен қатар жүйе кадрлық процестерді орталықтандыруға және біріздендіруге, кадрлық жағдайды бақылауға және еңбек заңнамасының ықтимал бұзушылықтарын анықтауға мүмкіндік береді.

Ұйымдар кадрлық мәліметтердің дұрыстығын, толықтығын және өзектілігін қамтамасыз етуге міндетті. Цифрлық жүйені пайдалану кезінде дербес деректерді қорғау және киберқауіпсіздік саласындағы заңнама талаптары да сақталуы тиіс.

Кадрлық процестер Бірыңғай кадрлық жүйеде жүргізіледі. Өздерінің кадрлық жүйелері бар ұйымдар уәкілетті органның тиісті шешімі болған жағдайда деректерді интеграция арқылы бере алады.

Қағидалар 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі. Бұл ретте жекелеген нормалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.